• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Маусым, 2018

Солтүстік Қазақстанда Мағжан мерейтойына арналған халықаралық конференция өтті

704 рет
көрсетілді

Алты Алаштың ардақтысы Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдық тойы туған жерінде одан әрі жалғасты.

 М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде өткен «Мағжан Жұмабаев мұрасы және әлемдік руханият» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға жиналған шетелдік, отандық ғалымдар, мағжантанушылар,зерттеушілер түркі жұртына ортақ тұлғаның  шығармашылық ерекшеліктері жайлы баяндамалар жасап, танымдық ой-пікірлерімен бөлісті. Алқалы басқосуда сөйлеген сөзінде облыс әкімі Құмар Ақсақалов  «жарқырап күнге табынған, өзіне ғана бағынған, жүрегі мен жаны от» арқалы ақын мұрасы жас буын бойында отаншылдық сезімдерді қалыптастыруда зор тәрбие құралы болып қала беретінін атап өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жерлесіміздің өмірі мен шығармашылығын насихаттау ісіне зор үлес қосқан бір топ азаматқа «Мағжан Жұмабаев» төсбелгісі салтанатты түрде табыс етілді. Ақпарат және коммуникация министрлігінің «Естелік және мерейтойлық даталар» сериясымен әзірлеген «Мағжан Жұмабаевтың туғанына 125 жыл»  пошта маркасы айналымға енгізілді. «Біздің Мағжан» екітомдық еңбектің, «Мағжан Жұмабаев» энциклопедиясының тұсаукесері ұйымдастырылды.

Жиында Білім және ғылым министрі Ербол Сағадиевтың, халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлінің,  Парламент Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатовтың мерейтойға жолдаған Құттықтау хаттары оқылды. «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов,  АҚШ-тағы  Мичиган университетінің профессоры Тимур Қожаоғлы,  Гази университеті Түркітану орталығының директоры Хулия  Ченгел, Астанадағы Аграрлық университеттің  профессоры, тарих ғылымдарының  докторы Ханкелді Әбжанов,Қарақалпақстанның халық ақыны Мұзафар Ахмад, Қырғызстан Жазушылар одағының төрағасы Ақбар Рысқұлов, тағы басқалары әлемдік деңгейде ұлықтауға лайық ұлт тарланбозының рухы ғасырлар бойы жасай беретінін, оның есімі «Мәңгілік Ел», «Ұлы Дала» ұғымдарымен тығыз сабақтас екенін алға тартты. 

«Маған атақ ұлтым үшін өлгенім!» деп халқы үшін басын өлімге тіккен ақын мерейтойы «Мағжан көктемі» республикалық өнер  фестивалі мен гала-концертке жалғасты.  Онда жазба ақындар мүшайрасы, ақын өлеңдеріне жазылған жаңа әндер мен көркемсөз шеберлері аталымдарының әр кезеңдегі  жеңімпаздары мен жүлдегерлері сахна төріне көтеріліп, жырдан, әннен шашу шашты.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы